Іс – шаралар мұрағаты
«Халықтар бірлігі – мәңгілік ел тұғыры» циклынан: Түрік және Корея этномәдени орталықтарымен танысу (2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай)

Көк тудың астында көп ұлттың өмір сүруі қазақ даласының кеңдігін, қазақ елінің дархан пейілді қонақжай халық екендігін айқындап тұрғандай. Биылғы жыл көп ұлттың басын біріктіріп татулық пен тыныштықты ынтымақтастыққа сабақтастырған еліміздегі Қазақстан халықтары ассамблеясының құрылғанына 20 жылдық мерей тойын тұтас кең көлемде атап өтуде. Осыған орай арнайы кітапханада Сайрам ауданының  этномәдени орталығынан түрік және кәріс ұлттарының өкілдері келіп, оқырмандарға мерекелік көңіл-  күй сыйлады.

Мерекелік кешті арнайы кітапхана директорының орынбасары Л.Темірбаева ашып, биылғы жылдың атаулы даталарын атап, Ассамблеяның 20 жылдығына орай өткізіліп отырған мәдени іс-шарамен сабақтастырып өтті. Кеште алдымен түбі бір түрік бауырларымыз кезек алып әдемі әндермен керемет билерін көрсетіп, өздерінің ұлттық аспаптарымен таныстырып әсерлі сазға бөледі. Сауық сайранды жақсы көретін түркі халқы кеш барысында өздерінің үйлену тойында билейтін билерін өз нақышында орындады. Аудандық М.Горький атындағы орта мектебінің оқушыларынан құрылған кәріс ұлтының жас өкілдері келіп қатысты.

Оқушылардың жетекшісі  кәріс ұлтының өзіне тән құндылықтары мен салт-дәстүрлерін кеңінен таныстырып баяндама оқыды. 1937 жылдардан бастап кәріс ұлты қазақ еліне қоныс аударғандығы жайында және көп қиындықтарға  тап болып, тіпті өз ана тілінде сөйлей алмай, орысша тілдесіп, балаларын қалада оқыта алмайтындай, ауыр күндерді бастан кешіріп, соның ішінде кәріс халқына көптеген тосқауылдар мен кедергілік тыйым салулар болғандығынан хабардар етіп, қазақ халқына деген алғысын ақтарып жатты. Жас өрендер өздерінің билерін билеп, әндерін шырқап, кеш соңында көрермендерге балғын жүректен шыққан ақтілектерін жолдады. Кез келген ұлтты жатсынбай бауырына басып, мейірімін арнаған алаш елі талай заманды өткеріп, бүгінде бейбіт ел атанып, тәуелсіз мемлекет болып өз әнін еркін шырқауда. Бүгінгі кешке оқырмандармен қатар арнайы кітапхана ұжымы да толық қатысып, ерекше әсер алып, қос ұлттың төл тарихы мен ұлттық мәдениетіне қанық болды. Кітапхана директорының орынбасары Л.Темірбаева мәдени орталықтардан келген қонақтарға арнайы кітапхана атынан алғыс хат табыстап, қатысқан оқушыларға да мақтау қағаздарын тарту етті. Іс-шараға жиналған оқырмандар көбінесе теледидардан жиі көретін түрікше, кәрісше фильмдерінің кейіпкерлерін бүгін шынайы кескін келбеті мен жағымды бейнесі мен түр тұлғасын көзбен көрді, көңілге жылулық тапты, естелік суреттерге түсіп бүгінгі болған қызықтарды өзара талқылап тарасты.

Иә, қазақ елі қашанда аман болып, көп ұлтымен жарасымды бірлік те бейбіт күнде тұғырлы тәуелсіздігімізбен, баянды шақтары мәңгі болғай деген тілек әр кеудеде жаңғырып жатты.

 

 

 

 
Жаңа технологиялар циклынан: «Ертегілер әлемі» (Тактильді және дыбысталған ертегілер кітаптарының тұсаукесері)

Өтетін уақыты: 29 қазан, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: Зағип оқушилардың ойлау, қабылдау, зейін қабілеттерін дамыту; ертегілер әлеміне саяхат жасау

Жас бүлдіршін балалардың балалық шақтың бейнесі мен балғын сәттері ғажайыпқа толы болатыны, ештеңені алаңдамай емін-еркін күліп ойнап, тәтті өмірдің шырынынан бал татып, ертегілер тыңдап өсетіні қалыптасқан құндылық емес пе? Осыған орай арнайы кітапхана «Ертегілер әлемі» атты балаларға арналған кеш ұйымдастырды. «Ертегілер әлеміне» көрермен болып «Үміт» мектеп-интернатының бастауыш сынып оқушылары келді. Кешті тифло бөлімінің меңгерушісі Л.Абжаппарова жүргізді. Бұл кешке балалар әдебиетіне көп көңіл бөліп жүрген ақын, түрлі жобалардың авторы Н.В.Корончуктың жаңа тактильді кітаптары мен, анимациялық мултьфильмдернің тұсаукесері болды. Зағип жандарға арналған бұл кітаптарда түрлі бейнелер безендіріліп жасалынған. Балаларға базарлық ретінде көптеген ертегілер мен өлеңдер ұсынылған кітаптар да бар. «Үміт» мектебінің оқушылары қуанып, қызықтарды тамашалап, өзара шаттанған жүздерін жасыра алмай,  өздеріне ұнаған кейіпкерлерімен бөлісіп жатты. Л.Абжаппарова балалардың көңілін тауып, одан бөлек те түрлі қызықты әңгімелер айтып, шаттыққа бөлендірді. Қорыта келгенде, балғын көңілді, жүректері тап-таза періштедей, кіршіксіз пейілді балалар, ертегі тыңдады, мультфильм көрді. Бір жарым сағатқа созылған кеш соңында жас бүлдіршіндер қызықты көңіл-күймен, таңдана, тәрбиешілерінің қолынан ұстап, қимастықпен тарасты.

 

 

 

 
«Жүректің әні көңілдің сәні» (ІІ-топ көз мүгедегі Құрал Бағдәулеттің шығармашылық кеші)

Өткізілген уақыты: 28 қазан, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: Оқырмандардың өнерге деген қызығушылығын арттыру, әсемдікті  сезіну; жас өнерпаздың шығармашылығымен танысу

 

ОҚО арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханасында «сауықтыру айлығында»  оқырмандарға «Жүректің әні көңілдің сәні» атты мерекелік кеш өткізді. Кешті Е.Бакиев жүргізді. Шығармашылық кеш «Үміт» мектеп-интернатының түлегі, ОҚО саз колледжінің І курс студенті, жас өнерпаз, әнші Бағдәулет Құралдың шығармашылығына арналды. Кеш барысында Б. Құралдың жеткен жетістіктері мен жүлделі орындары оқырмандарға кеңінен таныстырылды. 2015 жылы Республикалық  «Жұлдызай» байқауына қатысып облыстың намысын ту етіп алға көтеріп Астанада өткен додада І орынды иеленді. Ресей жұлдызы Диана Гурцкаямен қызыл кілемде жүріп өткен бірнеше облыстық байқауда топ жарды. Кешті «Ауылым» әнімен ашты. Мерекелік кешке қонақ ретінде кітапханамыздың оқырманы Г.Каттабекова «Жауапсыз махаббат» әнін және  «Өлең» атты қара өлеңді тарту етті, «Үміт» мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы А.Мұсаева  да «Асыл арман», «Земля моя» әндерін орындады. Б.Құрал өзінің шығармашылығынан 10-ға жуық әндерін шырқады. Кеш жүргізушісі Е.Бакиев көрермендер қатарында қонақ болып отырған Б. Қүралдың ұлағатты ұстазы С.Қ.Зеренбаеваға сөз кезегін ұсынды. Сөз алған ұстаз шәкіртіне ақ жол  және биіктерден көрінуіне тілек білдірді. Мерекелік кешті жас әнші «Жаса қазақ» әнімен қорытындылады. Кеш соңында  іс-шаралардың тұрақты оқырманы Н.Жұмағұлов  жас талапты өнерпазға ағалық ақ батасын берді. Арнайы кітапхананың тифло бөлім меңгерушісі Л.Абжаппарова жас өнерпазға алғыс хат және бағалы сыйлық табыс етті. «Ән әлемінде халықтап, өнердің көгінде азаттық таңында еркіндікте шарықтай бер» деген тілекпен мерекелік сауықтыру кеші аяқталды.

 

 

 

 

 
«Білімді және белсенді оқырман» (Оқырманның ой-өрісін дамыту)

Өткізілген уақыты: 21 қазан, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: Оқырмандардың ой-өрісін, білімділігін арттыру және қызығушылығын ояту.

Оңтүстік Қазақстан облыстық  арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханасында  жыл сайын 1қазан-13 қараша аралығында  «мүгедектердің әлеуметтік сауықтыру айы» өтеді. Сауықтыру айдың ерекшелігі, арнайы кітапхана оқырмандарының І топтағы көз мүгедектеріне әдеттегіден де ерекше көңіл бөлінуі. Жыл басынан бастап өткізілген іс-шараларды қорытындылай отырып, оқырмандармен  «Білімді және белсенді оқырман» атты оқырманның ой-өрісін дамыту мақсатында викториналық сұрақтар іс-шарасын өткіздік. Биылғы жылы елімізде аталып өткен бірнеше үлкен мерекелі іс-шараларға байланысты сұрақтар қойылды. Оқырмандар  сұрақтарға толық және қызыға жауап беріп отырды. Жауап берген оқырмандардың қолдарына түрлі-түсті қағаз беріліп, соңында қағаздардың жалпы санын есептеп жеңімпаз белгіленіп отырды. Биылғы жылы кітапханада А. Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына орай «Абай әлемі» атты байқау өткізілді. Осы байқаудан үлкен әсер алғанын кітапхананың  белсенді оқырманы А.Тайтелиева  ерекше айтып өтті.

Брайль жүйесімен жылдам оқып және жазу байқауында өздерінің білімділігін ерекше «Үміт» көздері көрмейтін және әлсіз көретін балаларға арналған мектеп-интернаты оқушылары көрсете білді. Іс-шара барысында көңілден тыс бірде бір оқырман қалмады. Кітапханамыздың атынан арнайы сыйлықтар тапсырылды.

 
«Жас жаным құштар ақ таңға» («Шалқар шабыт» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен зағип жандардың шығармашылық кеші)

Өткізілген уақыты: 15 қазан, сағ 11-00

Іс-шараның мақсаты: Өнерлі жастардың шығармашылығын дәріптеу.

2015 жылдың 15 қазанында арнайы кітапханада Оңтүстік Қазақстан облыстық «Шалқар шабыт» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жас жаным құштар ақ таңға» атты шығармашылық кеш өтті. Шығармашылық кешті «Шалқар шабыт» бірлестігінің төрайымы М.Ермаханова және төрайым орынбасары Е.Бакиев жүргізді.  Бірлестіктің атқарған жұмыстары  және жеткен жетістіктері жайында көпшілік көрермен кеңінен танысты. Кеш барысында әсем әндер мен сазды жырлар жырланды. Кешті Е.Бакиевтың сөзіне, Н.Төребайдың әніне жазылған «Талпынамын шыңдарға» әнін М.Ермаханова орындап ашты. Жас ақын Ербек Бакиев «Күзгі үміт» өлеңін оқыды. Бірлестіктің жас әншісі, бірнеше республикалық облыстық ән байқауларының жүлдегері, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтының «Өнер» факультетінің І курс студенті Айнұр Смандияр «Жан ана», «Шарықта шалқар шабытым»  әндерімен жұртты тебірентті. Кешті облыстық «Жанарым менің жүрегім» фестивалінің көркем сөз оқу шебері П.Үйсімбаева М. Әлібековтың «Тәубеңе кел» және Е.Бакиевтың «Тағдыр тартуы» поэмасын оқыды. Кеште дүние жүзіне танымал атақты зағип жандар  өмірі жайында, олардың арасында өтілетін түрлі іс-шаралар, байқаулар, фестивальдер жөнінде, ОҚО арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхананың ұйымдастыруымен өтетін «Жанарым менің жүрегім», «Отбасы тынысы», «Мерейлі отбасы» және «Өнерім көңіл шуағым» атты фестивалдарды, «Шалқар шабыт» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің «Мөлдіреген жыр сезім» атты жыр мүшайрасы жайында ақпараттар берілді. Әнші сазгер Р.Тайыров «Қазақстан Нұрсұлтан» және Д.Сейдазимова «Бейбіт күн тілегі» әнімен кешті аяқтады. Келген оқырмандар ән мен жырға сусындалып әдемі күйге бөленді. Кеш соңында «Шалқар шабыт» бірлестігі  мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылығын шыңдап, талантты жанның талабын ұштап, өнерін өрістету мақсатында алдағы қараша айының 20 жұлдызында дарынды сазгер, талантты әнші Рүстем Тайыровтың «Жан сезім» атты шығармашылық кешін өткізетінін хабарлады. «Талапты жан талпынса тау асары ақиқат» болса, алға ұмтылған дарын иелері асқақ арманға құлаш сермеп, биік мақсаттарға қанат қағып, асу белестерге самғап ұшады. Шығармашылыққа жанашыр, ән мен жырға құштар көрермен қауым барда өнер мен әдебиетті ұштастырған «Шалқар шабыт» мүгедектер қоғамдық бірлестігі әлі де асар асуы, басар белесі алда.

Іс-шараға «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының түсіру тобы мен журналисі қатысты.

 

 

 

 
Әлеуметтік үйлестіру және жұмыспен қамту бағдарламасы департаментінің мамандарымен кездесу

 

Өткізілген уақыты: 14 қазан, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: Зағип азаматтардың  әлеуметтік сауықтыруын нығайту, олардың мұқтаждығын, қиындығын, болашаққа талпынуының мәселелерін жеңілдету.

Арнайы кітапханада әр аптаның сәрсенбі күні мерекесіз, кездесу кешсіз, іс-шарасыз өтпеген. Кітапхананың оқу залында игі іс-шаралардың жалғасы аясында 14 қазан күні сағат 11- 00 де кезекті іс-шара өткізілді. Іс-шара  қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді. Бұл іс-шараға Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, еңбек әлеуметтік қорғау және көші қон комитетінің мамандары: дәрігер реабилитолог Қожабаева Фарида Қаржауқызы, терапевт Маралиева Дина, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен Шымкент қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен Кеуенова Жанар, Орақбаева Орынкүл арнайы мамандары қатысып, көрермендер тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлерін тыңдап қойған сұрақтарына барынша жауап беруге тырысып, кейбір сұрақтарды қағазға жазып алып тиісті орындарға жолдайтынын жеткізді.

Іс-шарада әртүрлі тақырыптарда сұрақтар қойылды. Кітапхана оқырманы  Власов А.Т., қазақ зағиптар қоғамының төрағасы Н.Алтынбеков, Төле би ауданынан келген оқырманымыз Барлыбаев Ж., «мүгедектерді оңалту орталығынан» бір топ мүмкіндігі шектеулі азаматтар маңызды және ауқымды сұрақтар қойды. ЖСБ (ИПР)-ді қайдан, қалай алу керек, тифлоқұралдарға қалай және қанша уақытта қол жеткізуге болады, демалыс орындарына, шипажайларға қалай жолдама алуға болады, қандай құжаттарды рәсімдеу қажет, қоғамда мүгедектерге қандай жеңілдіктер қарастырылған дегендей сауалдарға толыққанды жауап алды. Бас қосуға келген оқырмандар көкейіндегі толғандырған мәселелерімен бөлісіп, «айтылған әңгімелер аяқсыз, қойылған ұсыныстар ескерусіз қалмас» деген үмітпен тарқасты.

Арнайы кітапханада түрлі іс-шаралар мен әдеби-сазды шығармашылық кештер өтіп тұрады. Осыған орай «Лира» музыкалық аспаптар дүкені кітапханаға қайырымдылық жасап, демеушілік көрсетіп екі микрофонды сыйға тарту етті.

 

 

 

 
Қалалық тұрғын-үй мен қалалық мүгедектер қоғамы басқармасының мамандарымен кездесу

Өткізілген уақыты: 7 қазан, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: Мүмкіндігі шектеулі жандардың көкейінде жүрген жиі толғандыратын сұрақтармен мәселелерге нақты жауап алу. Мүгедек жандардың тұрғын-үй мен қамтылудағы жеңілдіктер мен оңтайлы жолдарынан әрбір жанның хабардар  болуы.

ОҚО арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада мүгедектердің сауықтыру айлығы барысында 7 қазан күні сағат 11-00 де Шымкент қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі және қалалық мүгедектер қоғамы бірлесіп дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелдің өтуінің негізгі мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандардың көкейінде жүрген жиі толғандыратын сұрақтармен мәселелерге нақты жауап алу. Мүгедек жандардың тұрғын-үй мен қамтылудағы жеңілдіктер мен оңтайлы жолдарынан әрбір жанның хабары болуы тиіс. Кітапхана директорының орынбасары Л. Темірбаева кездесу кешті ашып берді. Шымкент қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінен Құрбанбаев Қайрат және Айдарбек Шоқан қатысып, көрермендердің толассыз жаудырған сұрақтарына нақты толыққанды жауап беріп қанағаттандырып отырды. Шымкент қалалық мүгедектер қоғамының басшысы Торопов Вадим Александрович жеке құқықтармен атқарылатын жұмыстар жайында ақпарат беріп көпшілік тарапынан болған сұрақтарға барынша жауап беріп отырды. Кездесу барысында өзекті мәселелер мен көкейкесті түйіткілдерге көрермендер оңтайлы шешімдерін алып жатты. Қалалық зағиптар қоғамының бастауыш ұйымының төрағасы Н.Жұмағұлов Торопов мырзаға «Сіздің Қоғамға қалай мүше болуға болады? Сізде жалпы тіркелген мүгедектер саны қанша? Қандай санаттағы мүгедектер тіркеле алады?» деген сұрақтар жолдады. Ол сауалдарға мүгедектер қоғамының басшысы кез келген жалпы мүмкіндігі шектеулі жандар мүшелікке қабылдана алады және қоғамға 4000 мүгедек тіркелгенін айта отырып шағын хабарландыруды да жолдады. Хабарландыру ұялы байланыс телефон компаниясынан 5 мүгедек азаматты жұмысқа тартуды қамтамасыз ететінін хабардар етті. Тұрғын-үй бөлімінен келген Құрманбаев Қайрат биылғы жылы мемлекет тарапынан 1000-нан аса пәтер кілті кезектегі адамдарға табысталатынын қуанышпен жеткізді. Оның ішінде Соғыс ардагерлеріне және жетімдерге кезексіз берілетінін хабарлады. Кездесу соңында зағип оқырмандар келген қонақтарға шексіз алғысын білдіріп көңілінде жүрген сұрағына жауап алып қуана тарасты.

 

 

 

 

 

 

 
«Қарттарым – асыл қазынам» (1қазан - Халықаралық қарттар күні)

Өткізілген уақыты: 1 қазан, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: Қарт оқырмандарға көтеріңкі көңіл сыйлау. Қариялардың ақыл сөздерін, өткен шежіре әңгімелерін тыңдай отырып, үлгі, өнеге алу. Қарттардың қадір-қасиетін, өнегелі өмірін сіңіріп, инабаттылыққа,  мейірімділікке тәрбиелеу.

ОҚО арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана қашанда зағип жандар үшін аянбай тер төгіп, барынша бақытқа бөлеп, көңілдеріне көктем нұрын ұялатып түрлі мәдени іс-шаралар мен ауқымды еңбектер атқарып келеді. Осындай игілікке жалғасқан шараның бірі 1 қазан Қарттар күніне орай «Қарттарым - асыл қазынам» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Мерекелік кешті Л.Абжаппарова мен О.Русинова жүргізді. Кеште  кітапхана директоры Б.Нұрманбетов пен облыстық Қазақ Зағиптар Қоғамының басшысы Н.Алтынбеков сөз сөйлеп, қазыналы қарияларымызға ақ тілектерін жолдады. Іс-шараға директор орынбасары Л.Темірбаеваның ұйымдастыруымен  Сайрам ауданының мәдениет жане тілдерді дамыту бөлімінің  өнерпаздары келіп, кітапхана оқырмандарына керемет көңіл күй сыйлап, әсем әндермен шашу шашты. Атап айтар болсақ, Ауезов Ақберді, Шамшиев Ерғали, Мұсабекова Камшат, Мырзахметова Нұргүл, Мақажанов Бақытжан, Айдаров Бақтияр т.б. ана туралы, егеменді елім – тәуелсіздік тірегім сынды орысша, қазақша әндерді шырқады. Сонымен қатар, Исамеддим баба мешітінен имам келіп ақсақалды аталар мен ақ жаулықты аналарымызға рухани таза кіршіксіз көңілімен ақ тілегін арнады. Шара барысында келген зағип оқырман қарияларға кітапхана әкімдігінің, облыстық қазақ зағиптар қоғамының және қалалық бастауыш ұйымының атынан арнайы сый – сияпаттар табысталды. Оның ішінде мерейгер оқырмандарымыз биыл 80 жасқа толған кітапхананың белсенді оқырманы Сайғана Мәдет, 80 жастағы А.Власов, 75-ке толып отырған К.Кулетова,  65 жаста Жайлау аға мен 60 жаска келген  Жұмағұлов  Нысанбек  ағаларға арнайы бағалы сый тарту етілді.

Қазақ халқы әу–бастан үлкенге құрмет көрсетіп, барында биік бағалап, төрінен орын беріп, қазыналы қарттарды қастерлей білген. Жастар: Қарттарымыз аман сау болып ұзақта мәнді мағналы ғұмыр кешіп, ұрпағының қызығына бөленіп, шаттанып жүргей деп тілек білдірсе, 80-нің сеңгіріне шыққан Сайғана Мәдет ана жастарға баянды бақыт, еңбекте табыс, өмірлеріне жақсылық тілей отырып, болған іс-шараға өз ризашылық  алғысын білдірді. Кеш қонақтары болған ата - әжелеріміз жүздері бал-бұл жайнап, қуанышты көңіл күймен тарасып жатты. Үлкенді құрметтеу, оларға қуаныш сыйлау, шаттыққа бөлеу, әрбір жас буынның парызы деген қағиданы ұстанған арнайы кітапхана ұжымы, әрдайым қазыналы қарияларға  қамқорлық жасаудан еңбектерін аямай жарқын жүзбен, жылы шырай танытудан танбаған.

Әр шаңырақтың ақыл дариясы, баталы қариясы аман болғай. Кейінгі ұрпақтың алдыңғы буыннан алар тәлім-тәрбиесі сарқылмағай.

 

 
«Халықтар бірлігі – мәңгілік ел тұғыры» циклынан: (2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы)

Өткізілген уақыты: 23 қыркүйек, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: халықтар арасындағы достықты насихаттау, оқырмандарды кітапханаға тарту.

 

Қазақ халқы қашанда өзгені өгейсінбей қиын қыстау заманалар көшінде де, бейбітті күнде де бауырмалдық танытып, төсінен төріне дейін орын берген. Бүгінде көпұлтты мемлекет көк тудың астында бас қосып тәуелсіздіктің таңында бақытты да баянды ғұмыр кешуде. Оның жарқын бейнесін биылғы атқарылған сан алуан шаралар көрсетіп берді. Осындай шаралардың бірі «Халықтар бірлігі мәңгілік ел тұғыры» атауымен ОҚО арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада өтті. Қазақстан халықтары ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына орай Славян ұлттық мәдени орталығынан арнайы қонақтар келіп, мерекелік концерттік бағдарламасын тарту етті. Кітапхана директорының орынбасары Л.Темірбаева оқырман қауымға келген қонақтарды таныстырып «Тіл мерекесі» күнімен құттықтады. Мерекелік кешті Дубовская Вера жүргізді. Кеште өнер көрсеткен Г. Юнусметова, Райт Татияна, Евтухов Анатолий сынды өнер майталмандары болды. Ынтымақпен бірлікті, татулықпен тыныштықты ту еткен қазақ елі ешкімді жатсынбай бауырына басып, барын берген кеңпейіл дана халқымыз бүгінде бейтшілік заманда ұлтаралық жарасымдылықтың көрінісін айқындауда. Біз бүгін оның куәсі болдық. Мерекелік бағдарламаны 40-тан аса көрермен тамашалады. Ән айтып жыр да оқылды. Келген қонақтар қазақ әндерін орындап көрермендерді бір серпілтіп тастады. «Куә бол» әнін және биыл 85 жылдық мерейтойын ел болып тойлаған Ш.Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» атты әндері кештің сәнін кіргізді. Әдемі әзіл әңгімелермен көмкерілген көңілді кеш «Песня остается с человеком» әнімен қортындылады. Кеш соңында Ләззат Сағынбекқызы «Еліміз аман, заманымыз тыныш, бейбітті күндеріміз татулықпен тұғырлы болғай» деген тілекпен келген өнер иелері, дарынды қонақтарға шексіз алғысын білдіріп, арнайы алғыс хаттарымен гүл шоқтарын табыстады. Оқырмандар қонақтармен бірге суретке түсіп, әдемі сәттермен қимай-қимай тарасты.

 

 

 

 

 

 

 

 
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 Келесі > Соңы >>

JPAGE_CURRENT_OF_TOTAL

ҚР Президентінің Жолдауы

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы     ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА: ӨСІМ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ Қазақстан Респуб...

ҚР рәміздері

ҚР Мемлекеттік Туы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туы – Қазақстан Республикасының мемлекеттiк негiзгi рәмiздердiң бiр...

Против коррупции
Против коррупции