«Қош келдің Наурыз» (22-наурыз мейрамы)
Іс – шаралар

Өткізілген орны: Оқу залы

Өткізілген уақыты: 18 наурыз, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: Наурыз мейрамы туралы түсінік беру арқылы Қазақ халқының салт – дәстүрін көрсету және оны құрметтей білу.


Көрнекілігі: «Наурыз мейрамы» туралы нақыл, қанатты сөздер,  суреттер көрмесі, кіші қалыпты мүсіндер, ұлттық нақыштағы қол өнерлері.

 

Әз Наурыз қыстан қысылып шығып күн мен түннің теңескен және барлық Шығыс халқы көптен күтетін ұлы мейрам. Сондықтан да біз іс-жоспарымыздың бір күнін осы мерекеге арнауды жөн көрдік. Көбінесе біздің оқырмандарымыз аға-буынды немесе үйінде жұмыссыз отырған зағип жандар. Сондықтан да олар кітапхананың жұмыс күні басталысымен-ақ оқырмандар ағылып келе бастады. Тифлозал көңілді гүбір-гүбірге толып, бірін-бірі сағынысып қалған зағиптар бір-бірімен арқа-жарқа амандасып сөйлесіп жатты. Біз өз жұмысымызда әрқашан жас мамандарды тартып отырамыз. Сондай болашақ маманның бірі М. Әуезов атындағы университеттің түлегі Ябаева Жанарға осы іс-шараны жүргізу тізгінін бердік. Өзінің тартымды қоңыр даусымен Жанар зал аудиториясын бірденнен өзіне тартып алды. Мерекелік сәлемдесуден соң Наурыздың шығу тарихы осы кездегі әзірленетін тағамдарды, қазақ халқының салт-дәстүрлерін айтып өтті. Сахна төріне өзінің ақ батасымен Қыдыр ата шығып жиналған жамағатқа тілегімен аталық өсиетін айтып кетті. Сонан-соң ортаға арнайы кітапхана директоры Б.Нұрманбетов шығып жұртшылыққа ұжымның және әкімшіліктің атынан ақ тілектерін білдірді. Біз оқырманға тосынсый ретінде «Сүйінші» продюссерлік орталығының ұжымын шақырған болатынбыз. Сондықтан жүргізуші одан әрі қарай микрофонды сол орталықтың директоры Сапарбаев Ермахан Тілеулесұлына ұсынды. Өз сөзінде қонақ ұжымдарымен таныстырып, жиналған апалар мен аталарды және қызғалдақтай қыздарды көктем мерекесімен құттықтады. Сахнаға шығып, осы ұжымның әртістері Гүлшат Ахметова және Нүргүл Мырзахметовалар баян мен домбыраны үндестіріп «Тобылғы сай», «Ай, қаракөз», «Көзіңнің мөлдірін-ай» секілді қазақтың халық әндерін әуелетті. Өз кезегінде Ермахан залды әдемі әзіл-әжуа әңгімелерімен езу тартқызып, қазақтың ақиық ақыны                      М. Мақатаевтың «Бақыт деген немене» сияқты өлеңдерін оқып, наурыз кешін керемет туындылармен көмкеріп отырды. Қамкөңіл жандардың арасында кейбіреу көздеріне жас алып жатса, ал кейбіреуі «Жарайсың, жарайсың» деген сөздермен шапалақтарын ұрып отырды. Мереке дәстүрлі Наурыз көжесімен дәм татумен жалғасып, оқырмандарға шағын дастархан жайылды. Дастархан үстінде «Сүйінші» продюссерлік орталығының дайындап әкелген шағын сыйлықтары тарқатылып, осы ұжымға арнап қарияларымыз ризалығын білдіріп жатты. Қаламызда айта кететін жай І-топтағы көз мүгедегі кәсіпкер Сыздықов Жұманәлі бауырымыз әр мереке сайын бізге қолдау көрсетіп отырады. Бұл жолы да Жұмекең құр қол келмепті. Тағдырластарына жайылған дастарханға тәтті тағамдарымен сусындарын қойып, ақ жаулықты аналары мен ағаларына шын жүректен шыққан ақ тілегін білдіріп жатты. Кеш соңында ҚСҚ құрметті мүшесі сексенді алқымдаған Сопбеков Оңалбек ақсақал келген қонақтармен оқырмандарға ақ батасын беріп, «Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын, Қайда барсаң жол болсын» деген тілектерімен барлығы қол жайысып аумин деп жатты. Кеш тартымды, көңілді болып өтті. Іс-шараға «Көктем нұры жүректерді жылытсын» атты көрме ұйымдастырылды.

 
«Салт-дәстүр – асыл қазына» («Әжелер» тобы)
Іс – шаралар

Өткізілген орны: Оқу зал

Өткізілген уақыты: 16 наурыз, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: Халқымыздың ұлттық мейрамы Наурыз мерекесін дәріптеу, ұлағатты дәстүрді құрметтеуге, аналар еңбегін бағалауға дағдыландыру.

Биылғы  22 - Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, жастарымызға үлгі өнеге ретінде ашылған, «Ынтымақ» этнос аралық мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінен «Әжелер» тобын,   облыстық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханасына шақыруды жөн көрдік. Мерекелік іс-шара басында кітапхана басшылығы Нурманбетов Бәкір Әбдіұлы оқырмандарды  жыл басы Наурыз мейрамымен құттықтап қарияларымызға жақсы тілектерін жаудырды.Қазақ соқырлар қоғамының басшысы Алтынбеков Нұрғали  да өз кезегінде оқырмандарға жүрегінен шыққан ыстық лебіздерін білдірді. Осыдан 20 жыл бұрын Халықтар Ассамблеясы құрылғанда ашылған «Әжелер» тобының көркемдік жетекшісі Шарапат әжеміз өздерін таныстырып, Т.Молдағалиев ағамыздың әйелдерге арналған жыр шумақтарын тарту етті. Әжелер тобында  ұлы композитор Шәмші ағамыздың кенже қарындасы Райхан апайымыз да бар екен. Әжелеріміз Қазақтың халық әндерінен шырқап оқырмандарымызды бір марқайтып тастады. Неше түрлі ұмыт қалған әндерімізді есітіп  оқырман қауым да бірге шырқап кетті. Ал қазақтың салтымен ауылдың алты ауызын әжелеріміз шырқағанда,кітапханамыздағы ең жасы үлкен оқырманымыз Тауасаров Күмісбек атамыз  ауылдың алты ауызын шырқай жөнелгенде тыңдарман қауым қуанып бірден қоштай жөнелді.. Ал  Созақ ауданының соқырлар қоғамының төрағасы Аққұлиев Төлеген Мәуленқұлұлы әнді тоқтатпастан  кездесуді  одан әрі қызықтырып, қазақ және орыс тіліндегі әндерді шырқай  жөнелді. Керемет дауысы бар оқырман әжеміз Тәуекелова Анаш апайдың дауысына тәнті болған «Әжелер » тобы  апайымызды ортаға алып шығып бірге ән шырқады. Осындай керемет көріністер  «Әу демейтін қазақ жоқ » деген сөзді   тағы да бір растап өтті.

Оқырмандарға арнайы дайындалған Қазақтың дәстүрлі наурыз  көжесі мен бауырсақтарынан барлық қонақтар және тыңдарман қауым  дәм ауыз тиді.

 
«Ел дамуының еңселі бағыты» (ҚР Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай)
Іс – шаралар

Өткізілген орны: Оқу залы

Өткізілген уақыты: 9 наурыз, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: Биыл  Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл толатындығын, еліміздің қысқа мерзім ішінде әлемдік қоғамдастықта өзіне лайықты орынды иеленгенін атап өту. Сондай-ақ, ынтымақтастық туралы әңгіме қозғау және халықтардың мәдениеті, тілі және тарихы туралы айтып түсіндіру.

Облыстық арнайы көздері көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханасында аптаның әр сәрсенбі күндері тәрбиелік мәні бар түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Осындай іс-шараның бірі биылғы жылғы аталып өтілетін Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, өткен тарихымыз бен еліміздің саяси ахуалы жөнінде  оқырмандарымызға толық ақпарат беру мақсатында «Ел дамуының еңселі бағыты» атты саясаттанушы зиялылармен кездесу кеші болып өтті.

Кездесуге қаламыздағы Мардан Сапарбаев атындағы институтының лекторы, саясаттанушы, тарихшы Бейсекова Райхан Түзелбайқызы мен  тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Әбдіқайымов Ержан Фархатұлы қатысты. Олар Қазақ елінің неше жыл кеңес дәуірінің құрсауында болғанын, түрлі қиын кезеңдерден өтіп, өз алдымызға егемендік алып, Тәуелсіз Республика болып шығуымыздың түрлі бастауларынан бастап, қазіргі кезеңге дейін кең түрде жан-жақты баяндап берді. Іс-шара қазақ және орыс тілдерінде өтті.

Елімізде алдағы уақытта өткелі жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі жайлы айтылды. Елбасының еліміздің дамуына байланысты халыққа жолдаған әр жылдағы жолдауларына тоқталып, оларды  киелі 7 деген санымен байланыстырып, әр жолдаудың 7 бөлімнен тұратындығын айтып өтті. Өзіміздің төл теңгеміздің пайда болуы жөнінде айтылды. Кеңес Одағында ұмыт қалған қазақтың жаңа жылы Ұлыстың ұлы күні 22 - наурыз қайта жаңғырып, атап өтілетін болды. Биыл елімізде алғаш аталып өтілген 1- наурыз Алғыс айту күні де тыс қалмады. Кешегі өткен 8-наурыз Халықаралық әйелдер, аналар мейрамымен барлық аналарымызды құттықтап өтті. Мәңгілік махаббатты шексіз ұрпаққа аманат етіп қалдырған Қозы Көрпеш Баян сұлу күні де жастарға үндеу болып атап өтіліп жатыр.  Оқырмандар өздерінің көкейлерінде жүрген түрлі сауалдарын қойып оларға толық, маңызды жауап алды. Алдағы келе жатқан 20-наурыздағы сайлауға байланысты сұрақтар да өз орнын тауып жатты. Зиялылардың әңгімесінен оқырмандар, әсіресе зағип жандар үлкен әсермен, шабытпен тарқасты.

 

 
«Арулар асыл жандар, шуақ боп шашылғандар» (8 наурыз Халықаралық әйелдер мейрамы)
Іс – шаралар

Өткізілген орны: Оқу залы

Өткізілген уақыты: 2 наурыз, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында, 6 ақпандағы Елбасымыздың Жолдауындағы ана мен балаға деген қамқорлық және қоғамдағы Ананың орны, «Ана» атымен байланысты қасиетті ұғымдар туралы пікір бөлісу; аналарды, қыз-келіншектерді құрметтеуге шақыру.

 

8 - Наурыз Халықаралық аналар, қыз-келіншектер жалпы арулар мерекесі болып елімізде аталып өтіледі. Осы орайда ОҚО арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада кітапханашылар зағип жанды аналар мен қыз-келіншектерге мерекелік кеш ұйымдастырып, арнайы концерттік бағдарлама тарту етті. Кешті тифлобөлім меңгерушісі Л.Абжаппарова жүргізді. Мерекелік кеште алдымен ҚСҚ төрағасы Н.Алтынбеков сөз алып, келген қонақтарды мерекелерімен құттықтап, барша аруларға бақыт тіледі. Кітапхана директоры Нұрманбетов Бәкір Әбдіұлы тілекті жалғап, аналарға ыстық ықыласты лебізімен әсем әндерден шашу шашып, алғыс білдірді. Мерекелік кеш аясында әуезді әндер шырқалып, анаға деген алғыс пен құрмет көрсетіліп, жүректен өлең жырлар ақтарылды. Мерекелік кеш соңында арнайы кітапхананың және ҚСҚ атынан қызғалдақтай құлпырған аруларға әдемі сый-сыяпаттар табысталып, оларға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат пен мәңгілік сұлулық тілеп,  алғыс білдірілді.

Қазақ халқы қашанда бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналарды ардақтап, аялай білген халық. Аналарға қандай жақсылық жасасаң да артық етпес. Мерекелік «Арулар асыл жандар шуақ боп шашылғандар» атты кешке келген аналар көктем лебімен тыныстап, ерекше әсерге бөленіп, жарқын жүзбен жадырап тарасты. 80-нен асқан қарт ана Сайғана Мәдет апа жастарға алғысын білдіріп, ақ батасын беріп, ұзақ ғұмыр тілеп, кейінгі буынды отаншыл азамат болуға шақырды. Қариясы бар елдің қазынасы мол демекші, бізде ақ жаулықты аналарымызға ұзақ өмір, бақыт тілеп, ұл-қыз, немерелерінің қызығына бөлене бергей деген тілекпен әкімшілік тарапынан аналарымызға  арнайы сыйлықтар табыс еттік. Мерекеге арналған көрме ұйымдастырылып, көрме сөрелеріне ақындарымыздың аналарға арналған өлеңдері, жыр шұмақтары қойылды.

 
«Ата- бабам аңсаған - Тәуелсіздік!» (Ұлт азаттық көтеріліске - 100 жыл) (Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай)
Іс – шаралар

Өткізілген орны: Оңалту орталығы

Өткізілген уақыты: 26 ақпан, сағ 11-00.

Іс-шараның мақсаты: 1916 жылғы ұлт - азаттық қозғалыстың отаршылдыққа қарсы сипатын түсіндіріп, оның ұлт - азаттық соғысқа ұласқанын фактілермен көрсету, қазақ қоғамының түрлі топтары назарының жалпыұлттық идеяға ұласқанын ашып көрсетіп,  тұтастығын сақтау идеясы болғанын түсіндіру арқылы  отаншылдық  қасиеттерін  шыңдай отырып оқырмандарға насихаттау.

Арнайы кітапхананың «стационардан тыс қызмет көрсету секторының» кітапханашыларының үйымдастыруымен, аталмыш тақырыпқа сай тарихи – танымдылық кеш  өткізілді. 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының сан ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында ерекше орын алады. Бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайларында көтерілістің жалпы жұрт таныған басшылары Ә.Жанбосынов, А.Иманов, Ж.Мәмбетов, Ұ.Саурықов, Б.Әшекеев, О.Шолақов, А.Жүнісов, Қ.Көкембаев, И.Құрманов, Т.Орысов, Ж.Кұдайбергенов, С.Қанаев, М.Ұзақбаев, А.Сұлтанбеков жене басқалар, көтерілісшілердің саяси көсемдері Т.Бокин, Т.Рысқұлов, С.Мендешев, Ә.Жангелдин, Б.Алманов жөне басқалар кезінде Сырым Датов, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов, Жанқожа Нұрмұхамедов, Кеңесары және Наурызбай Касымовтар, Байзақ Мәмбетов және басқалар жүргізген тәуелсіздік жолындағы күреске халықты көтерді. Оқырмандарымызға осы кештің  барысында 12 минуттық  бейнефильм көрсетілді.  Тәуелсіздігімізді ата – бабамыз бізге аманат- мұра ретінде  қалдырғанын айта отырып, оқырмандарымыз ән айтып, өлеңдерін тарту етті. Шақырылған қонақтар, оңалту орталығында  демалып  жатқан  оқырмандар,  осы  өткен тарихи кешімізге дән ризашылығын білдіріп, ақ тілектерін  айтып тарқасты.

Кітап көрмесі: «Қазақтың өткені сырлы, ертеңі нұрлы!»

Қойылған кітап саны: 16 дана, жазық баспалы әдебиеттер, кіші қалыпты мүсіндер, әдістемелік, бедерлі – графикалық құралдар, баспа материалдары.

Берілгені: 12 дана

 
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Страница 9 из 12

ҚР Президентінің Жолдауы

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы     ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ НАҚТЫ АХУАЛДА: ӨСІМ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ Қазақстан Респуб...

ҚР рәміздері

ҚР Мемлекеттік Туы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туы – Қазақстан Республикасының мемлекеттiк негiзгi рәмiздердiң бiр...

Против коррупции
Против коррупции

sound by Jbgmusic